Басты жаңалықтар

Облыс әкімі Nur Otan партиясында қоғамдық қабылдау өткізді

Кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалин азаматтарды қабылдап, олардың мәселелерін тыңдады.

Ақтөбе қаласының тұрғыны,  2-топтағы мүгедек Майра Елмағамбетова тұрғын үй кезегінің жылжымайтынын айтып шағымданды.

Үй кезегінде 2009 жылдан бастап тұрған ақтөбелік азаматқа баспана кезегі бойынша үй 2021 жылы берілетіндігі түсіндірілді.

— «Әрине, мен үшін облыстағы баспанасыз жүрген әрбір азаматтың үйлі болғаны, әлеуметтік жағдайының дұрыс болғаны маңызды. Дегенмен заң аясынан аттап, алдыңызда кезекте тұрған адамдардан өте алмайтыныңыз анық. Мүгедек азаматтар арасындағы кезегіңіз 173-ші болуына байланысты баспана келесі жылы беріледі», — деп атап өтті облыс басшысы.

Сонымен қатар облыс әкімі Nur Otan партиясының облыс бойынша төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов пен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусіноваға мүмкіндігі шектеулі азаматқа көрсетілетін көмек түрін арттырып, мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетуді тапсырды.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Жанболатбек Маратов соғыс ардагері әкесіне көше атауын беруді сұрады. Тілдерді дамыту басқармасының басшысы көше аттарын беруге қатысты талаптардың ережесін түсіндірді. Мүгедек бала асыраушы көпбалалы ақтөбелік ана Майра Әлиева өзінің жұмыссыз отырғанын және жолдасының жалақысы күн көріске жетпейтіндігін айтты. Сондай-ақ, 2013 жылы туған ұлының неврологиялық ауруына байланысты құжаттар әзірлеуге көмек көрсетуді сұрады. Өңір басшысы екі бірдей мүгедек баласы бар отбасыға тез арада көмек көрсету керектігін айтты. Сал ауруына шалдыққан қызын қаладағы оңалту орталықтарында емдеу және жолдасы мен өзіне жұмыстар ұсынылды.

Алдағы уақытта аталған ұсыныстар Майра Әлиеваны қанағаттандырса, бір отбасы жұмыспен қамтылып, ауру балалары арнайы орталықтарда ем алатын болады.

Қабылдауға келген Айман Сексенова «Eco Network» жобасын ұсынды. Кәсіпорын қалдықтарын сұрыптау мәдениетін енгізу туралы ұсынысына қолдау көрсетуді сұрады.

Ал кәсіпкер Халиолла Сағындықов кондитер фабрикасын қайта құруға көмек сұрады.

Облыс басшысы Оңдасын Оразалин қабылдауға жазылған 13 азаматтың мәселелерін мұқият тыңдап, барлығына толыққанды жауап берді. Қала әкімі Мавр Абдуллинге, Nur Otan партиясының облыс бойынша төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұловқа азаматтардың арыз-шағымдары мен ұсыныстарының орындалуын қамтамасыз етуді және берілген ұсыныстарды жан-жақты зерделеуді тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button